АҚТАН Ақайұлы (шамамен 1770, Қызылорда обл. Қазалы ауд. Арықбалық ауылына қарасты Түлкіқашқан қонысы 1854, Ақтөбе обл.)— халық батыры. Руы — қаракесек. Жанқожа батырдың үзеңгілес серігі, оның Хиуа, Қоқан бекіністеріне жасаған жорықтарына қатысқан. 1842 жылдың қазан айында Хиуа хандығының Сыр бойы қазақтарынан ұшыр, зекет жинауға қойылған найыб Бабажан сарттың көне Жанкент шаһарының маңындағы бекінісі Бесқаланы аларда ерлік көрсеткен. А. батыр бастаған қазақ сарбаздары қамалды қоршауға алып, Бабажанды қолға түсіріп, Жанқожа батырдың үкімімен жазалаған. А. батырдың бейіті Ақтөбе обл. Берсүгір бекетінің батысына қарай 30 — 35 км қашықтықтағы Тебенсай деген жерде. Бұрынғы Арықбалық елді мекеніне Ақтан есімі берілген.