АҚТАЙЛАҚ БИ КЕСЕНЕСІ— 18 ғ-дағы сәулет өнерінің ескерткіші. Аягөз қ-ның солт.- шығысында 55 км жерде орналасқан. Орта жүздің белгілі биі, ақын Ақтайлақ қабіріне орнатылған. Кесене қорымның оңт. жағындағы тегіс дөңеске тұрғызылған. Ол жартылай қираған кесенеден, шикі кірпіш пен тастан қаланған қорым қоршауынан тұрады. Ескерткіш қалдықтарына қарағанда шикі кірпіштен 9,6*9,7 м көлемде төрт бұрышты етіп салынған. Кіретін есік оңт. Жағынан шығарылып, ағаш бағандармен көмкерілген. Толығырақ сақталған шығыс жақ қабырғасында ұшбұрышты тесік бар. Кіреберіс жақтаулардан әктің қалдығы байқалады.