АҚТАЙЛАҚ Байғараұлы

АҚТАЙЛАҚ Байғараұлы (18 ғ-дың орта тұсы, қазіргі Оңт. Қазақстан обл. Сыр бойы — 19 ғ-дың орта шені, Семей обл. Аягөз ауд., Сарыарқа а.) — би, шешен, жырау, қоғам және мемл. қайраткері, дипломат. Қу дауысты Құттыбай бидің немересі. Әкесі Байғара би. А-тан Сабырбай ақын туады. Сабырбайдың қызы Қуандық ақын. А. жастайынан шешендігімен көзге түсіп, үлкен жиындарда бір ауыз мақалмен немесе толғау-жырымен даулы істерді әділетті шешкендіктен “қазақтың қара тілі, қас биі” атанған. Мемлекет ісіне ерте араласқан. Абылай хан Көкшетауға үш жүздің елу биін шақыртып, қазақ руларының шежіресін жаздырған, оның ішінде А. бар бес биге соңғы нұсқасын жасатқан. А. 1773 ж. Болат ханның атынан Қытай императоры Цяньлунға елші болып барып, келіссөз жүргізген. Бұл туралы Шың патшалығының шежіре кітабында жазылған. А-тың Бопы төремен, Қанай, Тіленші, Балпық және басқа билермен шешендік айтыс, қағыстары ел арасына кеңінен таралған. А. ел арасындағы дау-шарларды шешу мақсатында билік айтып та, заманының келеңсіз көріністерін сынап та өлең шығарған, өмір туралы, адамгершілік асыл қасиеттер жайлы филос. толғаулар мен адам жасы жөнінде, үй-іші, ошақ басы, ата-ана тағылымы мен жас ұрпақ тәрбиесі туралы тәрбиелік ғақлиялары да бар. “Ердің құны — екі елу” атты ұзақ толғауы — Өскенбай тұсында тобықты мен керей арасында болған кұн дауында парақор билердің құлқын қамын ойлаған қылмысын аяусыз әшкерелеген терең ойлы, өткір филос. шығарма. А-тың ел бірлігін сақтауды көздеген әділ билігі кейінгі елге нұсқа болып, сот ісінде негізге алынған. М. Әуезов осы биліктің шағын нұсқасын “Таң” журналында (1925 ж. №2) жариялаған. А. қазақ әдебиеті тарихында Жанақпен айтысқан “Сыбаннан шыққан он жеті ақын” деген атпен белгілі ақындар тобының көшбасшысы әрі ұстазы болған. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *