АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ ЖЫРЛАРЫ” — 18 ғасырдағы жоңғар басқыншылығына орай туған тарихи жырлар. ҚР ҒА қолжазбалар қорында олардың бірнеше нұсқалары сақталған; 1) “Ақтабан шұбырынды жайында ақын Топыштыңисөзі”. 1958 ж. М. Мағауин мен Ә. Кекілбаев Шымкент обл. Түркістан жерінен жазып алған. Айтушысы — Ә. Байтұрсынұлы; 2) Н. Кенжеғұлұлының “Шұбырынды ақтабан” атты төлтума поэмасы. 1940 ж. Арал экспедициясы кезінде С. Ахметов жазып алған. Көлемі 1400 жолға жуық 7-8 буынды жыр өлшемімен өрнектелген бұл дастанын Кенжеғұлұлы 1923 ж. жазған. “Мәуірт күнім туғанда”, “Алғашқы тіршілік”, “Түрік туралы аңыз”, “Қазақтың бөлінуі”, “Шұбырып босқан қиындық туралы”, “Қазақтың елдікке бірігуі”, “Шаруалар мен байғұстардың көрінуі”, “Орыстың Сырға келуі”, “Байғұстардың оянуы мен патшаның тақтан құлауы” секілді тараулардан құралатын дастанның қамтыған оқиғаларының ауқымы кең; 3) Арал өңірін мекендеген Жәмет жырау нұсқасы. Жыр 1945 ж. алғаш хатқа түсірілген, айтушысы — белгісіз. Көлемі шағын. “Ақтабан шұбырынды жырлары” атауымен топталған бұл шығармалардың барлығы да ҚР ҒА Орталық ғыл. кітапханасының қолжазбалар қорында сақтаулы (№ 144, 505 папка). Жинаушылары мен зерттеушілері — Б. Омаров, Ә. Сұбханбердин, Ә. Оспанов, Н. Мамажанұлы, Ә. Қоңыратбаев, Т.б.