АҚСУ-АЮЛЫ КЕШЕНІ — қола дәуірінің орта және соңғы кезеңдерінің ескерткіштері. Қарағанды обл. Шет ауд. Ақсу-Аюлы кентінен солт-ке қарай 3 км жерде орналасқан. Қорымда 36 мола бар. Оның 24-і Андрон мәдениетіне, қалған 12-сі Беғазы-Дәндібай мәдениетінің өтпелі кезеңіне жатады. 1952 ж. Орт. Қазақстан археол. экспедициясы (жетекшісі Ә.Х. Марғұлан) зерттеген. 3 үлкен қоршаулы обалар ашылды. Аса құндысы 3-оба. Оның казғанға дейінгі диаметрі 30 м, биікт. 1,8 м. Үйіктің іргесін үлкен тастарды қырынан көміп бекіткен. Ішінен тағы да екі қабатты қоршау мен үлкен қабір ашылды. Көлемі 2,5×1,45 м, тереңдігі 1,6 м. Бетін екі үлкен жалпақ таспен жапқан. Ішінен басын батысқа қаратып, шалқасынан жатқызылған кісі сүйегі табылды. Қабір көлемі 4,45×3,4 м, бұрыштары доғал төртбұрышты бірінші қоршаумен және оның сыртынан ішкі көлемі 7,9×7,6 м доғалдау келген екінші қоршаумен қоршалған. Қабырғаларына ірі жалпақ тастарды қалаған. Үстіңгі жағы ортасына қарай күмбездей бүрмеленген. Сақталған биікт. 1,5 м, қалыңдығы 2 м. Беті бөренелермен баспалдақты пирамида тәрізді етіп жабылған. Оның өртенген қалдықтары, үстінен жапқан қамыс пен бұтақтары, күлі сақталған. Қоршаулар ішінен саз ыдыс сынықтары мен мал сүйектері шықты. Ыдыстардың кейбіреуінің сыртындағы оюлар Андрон мәдениетіне тән геом. өрнектер болса, бірқатары Беғазы-Дәндібай мәдениетінің өрнектерімен безендірілген. Осы белгілер кешеннің Беғазы-Дәндібай мәдениетінің бастауында тұрған рудың немесе қоғамның көсемі құрметіне б.з.б. 12 — 11 г. салынғанын көрсетеді.