АҚСУ АУДАНЫ — Алматы обл-ның солт.-шығыс бөлігінде орналасқан әкімш. аудан. Жерінің аум. 13,6 мың км2. Тұрғыны 61,7 мың адам (1997). Аудан орталығы — Жансүгіров кенті. Аудан жеріндегі 57 елді мекен — 3 кенттік және 16 ауылдық әкімш. округтерге бөлінген.
А. а. Балқаш — Алакөл ойысы мен Жетісу Алатауы аралығын алып жатыр. Шығысы Қытаймен, қалған бөлігі облыстың Сарқан, Алакөл, Талдықорған, Қаратал аудандарымен шектеседі. Жерінің оңт.-шығысын Жетісу Алатауының Қоңыртау, Қайрақкөл, Желдіқарағай таулары, солт., солт.-шығыс және батыс бөлігінде Тораңғықұм, Кемерқұм, Сымбатқұм, Күшікжал және Жалқұм кұмды алқабы алып жатыр. Ақсу өз-нің салалары мен тармақтары ауданның біршама жерін кесіп өтеді. Ірі өзендері: Бүйен, Бұрған, Сарқан, Қарасу, Қапал, Қызылағаш. А. а-ның климаты қатаң континентті. Қысы суық. Қаңтар айының орташа темп-расы -10— 15°С, шілдеде 20—23°С. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлш. жазық жерлерде 150 — 250 мм, таулы аймақтарда 400 — 600 мм. Топырағының басым көпшілігі — шөлейттік сүр топырақ. Тау етектері мен тау аңғарларында қоңыр топырақ қалыптасқан. Өзен аңғарлары мен жайылмаларда шалғынды-далалы топырақ басым. Құмды алқаптарда сор, сортаң кездеседі. Даласында жусан, ебелек, изен, қияқ, т.б. өсімдіктер өседі. Жануарлардан: қасқыр, түлкі, қоян, борсық, қабан, ондатр; құстардан: үйрек, қаз, тырна, т.б. мекендейді. Кен байлықтарынан Ілдерсай барит кені, Арасан гранит және мәрмәр кен орындары бар. Аудан бойынша тұрғындардың орташа тығызд. 1 км2-ге 4,6 адамнан келеді. Ауданның а.ш-на пайдаланатын жерінің ауд. 1,362 мың га, оның ішінде жыртылуға жарамды жері 62,5 мың га (оның 61%-і ғана пайдаланады, 1996 ж.). А. ш. бағытындағы 1296 мың га жердің 124,2 мың га-сы (9,6%) шаруа қожалықтары үлесіне тиеді. А. а. аум-да Матай, Молалы, Алажиде т. ж. ст-лары орналасқан. Аудан жері арқылы Алматы — Өскемен мемл. маңызы бар автомоб. жолы өтеді.