АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ – сан-алуан мәселелерді талқылап, ұйғарымға келетін, ресми орындарға ұсыныс беретін көпшілікті басқарудың бейресми қоғамдық түрі. А. к-нің тарихы көне дәуірден басталады. Қазақ елінде тарихи рөл атқарған “Хан кеңесі, “Билер кеңесі» де өз бастауын осы А. к-нен алады, бірақ айырмашылығы елеулі. “Хан кеңесі” мен “Билер кеңесі” аса шұғыл, ел басына қатер туған шақтарда болмаса, басқа кезде келісім бойынша белгіленген мерзімде өткізіліп отырған. А. к. ауыл-аймақтың тұрмыстық, шаруашылық қажеттеріне орай кез келген уақытта өткізіле берген.
Көне деректерге қарағанда А. к-нің екі түрі анық көрінеді. Олар — “Ру ақсақалдарының кеңесі” мен “Тайпа ақсақалдарының кеңесі”. Бұл кеңестер ру мен рудың, тайпа мен тайпаның арасындағы шаруашылық, тұрмыстық және мәдени байланыстар мен сауда қарым-қатынасы мәселелерін, жер-су меншіктерінде ұшырасып жататын даулы жағдайларды қолдарынан келгенінше бейбіт жағдайда шешуге мұрындык болған. Бейресми түрде құрылған “А. к-тері” кейбір аймақтар мен ұжымдарда әлі күнге дейін сақталған. Олар, көбінесе, тәртіп, тәрбие мәселелерімен шұғылданады, шаруашылық жөнінде өз ұсыныстарын айтады.