АҚСАРЫ ЖУАНТАМЫР (Rindera ochroleuca) – жуантамыр туысына жататын көп жылдық өсімдік. Қазакстанда Балқаш — Алакөл ойысында Ақсу, Лепсі, Мақаншы, Шілікті өз-дерінің төменгі ағыстарындағы құмдарда өседі. Бұтақтала өскен сабағының биікт. 60 — 65 см келеді. Тамыр жапырақтары ірі, ұз.20 см, ал сабақ жапырақтары ұсақ бүтін жиекті 2-4 см-дей болады. Ақсары түсті гүлдері қалқан тәрізді сыпыртқы гүл шоғырына топталған. Тұқымынан көбейеді. Мамыр-маусым айтарында гүлдейді, шілдеде жеміс береді. Табиғи жайылымдарды ретсіз пайдаланудың салдарынан бұл сирек кездесетін өсімдік түрінің жойылып кету қаупі бар. Сондықтан А. ж. қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.