АҚСАЙ ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯЛЫ АУДАНЫ

АҚСАЙ ҚАЗАҚ АВТОНОМИЯЛЫ АУДАНЫ — Қытай халық республикасының Гансу өлкесінде 1954 ж. 27 сәуірде құрылған әкімш. аудан. Орталығы — Боложаңзы. Жер көлемі 33733 км2. Ауданда қазақтардан басқа қытай, ұйғыр, дүнгендер мекендейді. Қазақтар саны 2847 адам (1991 ж.). Аудан Гансу, Шыңжаң және Цинхай өлкелерінің тоғысқан жерінде орналасқан. Жер бедері күрделі, айналасы тау, биік үстірт, құмды шөл дала. Ауасы құрғақ, жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 110 мм. Аудан табиғи ресурстарға бай. Тұрғындары мал ш-мен, балық аулаумен айналысады. 1934—39 ж. Шыңжаң губернаторының қазақтарға қолданған қатаң саясатының нәтижесінде Алтай аймағының Баркөл ауданындағы қазақтардан 30 мыңға жуық адам Шыңжаңның шығысындағы Гансу өлкесіне босып кетті. Қазақтар губернатор Шэн Ши Сай, Ма Буфаң әскерлерінің шабуылына ұшырады. 1950 ж. ҚХР үкіметі Гансудегі Шыңжаңға қайтқысы келген қазақтарды қайтарып, қалғанын сонда орналастырды. Ауданға қарасты 4 ауыл, 13 қыстақ бар. 1955 ж. тұңғыш ауылдық мектеп ашылды. Қазақ мектептерінде қазақ тілінде білім беріледі. 1972 жылдан кәсіби қазақ ойын-сауық ұжымы жұмыс істейді. Мұндағы қазақтар дінін, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтаған. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *