АҚМОЛА СЫРТҚЫ ОКРУГІ — Ресей империясының билігі кезеңіндегі әкімшілік- территориялық бөлік (22.8. 1832). Архивтік құжатта бұл округгің құрылу себебін “Біздің бодаңдығымыздағы руларды бодандыққа кірмеген рулар барымтасынан қорғау үшін” деп дәлелдеген. Омбы обл. әкімшілігінің өкілі полк. С.Б. Броневский 1825 жылдың күзінде Петропавл қамалынан Нұраға дейін сапар шегіп, кезекті сыртқы округ дуанына лайықты деп Ақмола деген жерді белгілейді. 1830жылдың жазында мұнда дуан салуға кіріседі. Үйлерін су алып кеткендіктен дуан орны Есілдің Караөткел тұсына көшіріледі де, құжатқа түскен Ақмола аты қала береді. А. с. о-ның аға сұлтаны болып Құдаймендіұлы Қоңырқұлжа төре, орынбасарлығына Қоңырқұлжаұлы Арыстан төре, қазылары болып қарпық руынан Қабанбайұлы Қотыраш би, алтай руынан Бектасұлы Матақбай би сайланады. Құрамына мына болыстар енді: тоқа-карпық (болысы Құдаймендіұлы Өмірбек төре), тінәлі қарпық (Құдаймендіұлы Арыстан төре), қареке алтай (Құдаймендіұлы Бекәлі төре), қырғыз төртуыл (Дайырұлы Байқара төре), темеш (Бөлтікұлы Төбет төре), сарымұрат (Қоңырқұлжаұлы ІІІыңғыс төре), сайдалы алтай (Бөлекұлы Томан төре), айтқожа қарпық (Тәңірбергенұлы Сапан би), тама (Сеңгірбекұлы Итемген би), жағалбайлы (Байғұлұлы Қабанбай би), аптай (Сармантайұлы Жұман би), тарақты (Әбітайұлы ІІІикі төре), түнқатар қарпық (Ескенұлы Құлбек би). А. с. о-на 34740 адамы бар 5180 шаңырақ қарады. Бұл халықтың есепте 140488 жылқысы, 28939 сиыры, 216875 қойы және 16011 түйесі болған. 1869 ж. осы округ негізінде Ақмола уезі ашылды.