АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫ — мәдени-ағарту мекемесі. 1923 ж. 1 мамырда құрылған. Мұражайдың алғашқы экспозициясы түрлі мекемелер сыйға тартқан жан-жануарлардың қаңқалары, қару-жарақ, сауыт-сайман, т.б. бұйымдардан құралды. 1927 ж. мұражай өзінің алғашқы экспедициясын ұйымдастырып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәліметтер жинады. 1928 — 29 ж. мұражай қорында өлкенің өнеркәсібі, а.ш., Успен кен орны туралы материалдар мен этногр. бұйымдардан тұратын 1000-нан астам экспонат болды. 1970 — 95 ж. мұражай қоры палеолит, неолит, қола дәуіріндегі Вишневка, Жан- бөбек-4, Ақ Қошқар, Батпақ, Мизар, Ангерсор, т.б. жерлерден табылған археол. ескерткіштер, 20 ғ-дың басындағы қала тұрғындарының киім үлгілері мен Кеңес дәуірін қамтитын құнды материалдармен толықтырылды. 1998 ж. ҚР-ның орталығының Астана к-на көшірілуіне байланысты мұражайдан тарихи- этногр. жаңа экспозиция ашылды. Экспозицияда қазақтың дәстүрлі қолөнері, соның ішінде зергерлік бұйымдар, күмістен әшекейленген ер-тұрмандар, әйелдер мен ерлер киімінің көне үлгілері, респ— дағы басқа да ұлттардың этногр. бұйымдары көрсетілген. Мұражайда барлығы 142406 материалдық және рухани ескерткіш бар (1998).