АҚМОЛА, ЖЕТІСУ, СЕМЕЙ, ОРАЛ ЖӘНЕ ТОРҒАЙ ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚТАРЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ КЕҢЕСІ

АҚМОЛА, ЖЕТІСУ, СЕМЕЙ, ОРАЛ ЖӘНЕ ТОРҒАЙ ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚТАРЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ КЕҢЕСІ — Ресей патшасының бұратана (қазақ, өзбек, қырғыз, т. б.) халықтардың 19 — 43 жастағы азаматтарын майдан тылының қара жұмысына алу туралы жарлығынан (25.06. 1916) туындаған мәселелерді талқылаған кеңес. “Қазақ” газетіне топтасқан зиялылардың бастамасымен 1916 ж. 7 тамызда, Орынборда шақырылды. Стихиялы түрде басталған қарсылық әрекеттерге көзқарасты айқындап, қантөгісті болдырмау үшін ел ішіндегі жағдай жалпықазақтық жиында талқылануы қажет деп есептеген Ә. Бөкейханов 7 шілдеде Кеңес өткізуді сұрап, Торғай ген.-губна жеделхат жолдады. Кеңес Бөкейхановтың төрағалығымен (хатшылары М. Дулатов, О. Алмасов) өтті. Кеңеске қатысушылар патша жарлығының алдын ала жарияланбай, тосыннан берілгенін, оған халықтың дайын еместігін, жергілікті өкімдердің қиянатын атап көрсетті. Әр елге шыққан әскерді қайтару, халық өкілдерінің кеңесін өткізіп, мән-жайды түсіндіру, қазақ жігіттерін қара жұмысқа жіберуді мүмкіндігінше кешеуілдету, бұған дейін алынғандар мен олардың отбасыларына мемл. тарапынан жеңілдіктер жасау жолдарын қарастыру қажет деп шешті. Ресей үкіметіне 17 тармаққа негізделген талап-тілектерін ұсынды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *