АҚМОЛА ГУБЕРНИЯСЫ — Қазақ Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бүкілқазақстандық I- Құрылтай съезінің (Орынбор, 4 — 12.10.1920) шешіміне сәйкес 1921 ж. 25 сәуірде құрылған жаңа әкімшілік-территориялық бөлік. А. г-ның құрамына 233 болыс елді біріктірген Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл (Қызылжар) уездері енді. Орталығы Петропавл қ. болды. Қазақстан Кеңестерінің 6- съезінің (1927 ж., наурыз) экон. аудандастыруды жақсарту туралы қаулысымен респ. әкімш.-терр. бөлінісі үш буынды жүйеге (округ — аудан ауыл) көшірілді. 1928 ж. 17 қаңтарында Ақмола мен Атбасар уездері 15 ауданды қамтыған Ақмола округі болып қайта құрылды. 1930 ж. Ақмола округі Қарағанды обл. құрамына енді. 1939 ж. қазанда Ақмола облысы құрылды. 1961 -92 ж. Целиноград облысы, 1992 жылдан Ақмола облысы болып қайта аталды; қ. Ақмола облысы.