АҚМАРҚА (Asipus asipus) — тұқы тұқымдасына жататын жыртқыш балық. Дене тұрқы 70 см, салм. 7 кг-нан асады. Тұрқы ұзын, екі бүйірі сәл қысыңқы. Астыңғы жақтарының ұшындағы кішкентай бұдырмақ оның үстіңгі жақтарының қосылған жеріндегі ойыққа дәл келеді. Бауырының құрсақ қанаттарынан кейінгі жері қырлы, арқасы боз жасыл, екі бүйірі күміс түстес, бауыры ақ болады. Қазақстанда А-ның 2 түрі бар: бір түрі — Каспий су алабында (Балқаш — Іле су алабында жерсіндірілген), екінші түрі — Арал т-нде, Сырдария мен Сарысу, Шу өз-дерінде тіршілік етеді. Соңғысын Сыр, Шу ақбалығы деп те атайды. А. 3 — 5 жасында жыныстық жағынан жетіледі. Уылдырығын (300 мыңға дейін) сәуір — мамырда өзендердің ағысты, майда тасты жеріне шашады. Шабағы майда омыртқасыздармен, ересектері шабақтармен, майда балықтармен қоректенеді. Кәсіптік маңызы бар.