АҚЛ ал-ФАЪАЛ — Орта ғасырдағы мұсылман елдері философиясына тән ұғым. Ол — таным белсенділігіне саяды. Бұрынғы өткен ойшылдардың бәрі де ақыл қызметін, оның объективті мәнін, әлем дамуындағы маңызын мистик.тағылымдар аясында дәлелдеуге тырысқаны мәлім. Бұл Әбу Наср әл- Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу-л-Уәлид Мұхаммед ибн Рушд, т.б. ғұламалар еңбектерінен де көрінеді. А. әл-Ф. ұғымы бойынша әлем дамуының (дүниетаным тұрғысынан) қозғаушы күштері жаратқан ие — Алла тағала құдіретінен туындап жатады. Осы әлемдік дүниетаным дара ақылдың дүниеге келуі мен жетілуіне әсер етеді. Әрбір адамның ақылы өз кезегінде әлемдік дүниетаныммен бірлесуге ұмтылады. Осы орайда адамның жеке ақылы үш басқыш, яғни үш кезеңнен өтеді (бұлар өз сипаттарына тән үш түрлі атаумен аталады). Бұлардың бәрі де абсолютті ұғымдар. Осы ұғымдар, яғни әлемнің пайда болуы мен оның негізі туралы түсініктер дүниетанымды құрайды және оны байытады. Жеке ақыл қызметі арқылы толыққан дүниетаным өзге адамдар ақылының дамуына да онды ықпал жасайды. А. әл-Ф. ұғымында неоплатонизм элементтері бар.