АҚКІС (Mustela erminea) — сусар тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Қазақстанның солт. орманды-дала аймақтарында, Оңт. және Оңт. Шығыстағы тауларында кездеседі. Қоныс таңдамайды. Ол өзен-көл бойында, бұталы ағаш арасында, сай-салаларда, тау бөктерлерінде жиі ұшырайды. Дене тұрқы 16 — 30 см, құйрығының ұз. 6—12 см, салм. 120 — 370 г. Жазда арқасы мен бүйірі қоңыр, бауыры ақ түсті болса, қыста денесінің жүні аппақ келеді. Өзіне ұқсас ақ қалақтан айырмашылығы — құйрығының ұшы қара. А., негізінен, тоқалтістермен, су тышқандарымен, бақа, кесіртке, балықтармен, кемірушілермен және сондай-ақ ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Азығын аулауға көбіне түнде шығады. Ақпан — мамырда ұйығып, 9 айдан соң 8-9күшік туады. А. жылына екі рет: көктем мен күзде түлейді. Терісі бағалы болғандықтан ауланады. Зиянды кеміргіштермен қоректенгендіктен ауыл және орман ш- тарына да едәуір пайдасын тигізеді.