“АҚИҚАТ” — ұлттық қоғамдық-саяси журнал. Алғаш РК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің “саясат, білім, шаруашылық һәм әдебиет” органы ретінде шыққан “Қызыл Қазақстан” (1922 ж. қазанда) журналының ізбасары. Журнал қазақ еңбекшілеріне Кеңес өкіметі мен ком. партия саясатын түсіндіруді мақсат етті. “Қызыл Қазақстан” журналына А. Асылбеков, Н. Нұрмақов, С. Сәдуақасов, О. Жандосов, Ә. Байділдин, Е. Алдоңғаров басшылық жасады. Уақыт ағымында өзгеретін әлеум.-саяси жағдайларға орай бейімделіп, жаңа міндеттерге үн қосып отырды. Әр жылдарда атауы “Ауыл коммунисі” (1932 ж. , қыркүйек), “Коммунист” (1938 ж., мамыр), “Қазақстан большевигі” (1945 ж.), “Қазақстан коммунисі” (1952 ж. қараша) болып өзгерді. 1991 ж-дан кейін “А.” деген атпен шығады.