“АҚЖОНАСҰЛЫ ЕР КЕҢЕС” 

“АҚЖОНАСҰЛЫ ЕР КЕҢЕС” — “Қырымның қырық батыры” эпостық жырының жеке батырлар туралы топтамасына енген жыр. 7 — 8 буынды жыр үлгісімен шығарылған толық күйіндегі нұсқасын 1942 ж. Бозтай Жақыпбаев Мұрын жыраудан жазып алып, қағазға түсірген. Эпостық сарындағы батырлық жырда Ноғайлының ханы Ақжонастың қартайғанша бір перзентке зар болып, Бұхара маңындағы Арыстан шері әулиенің басына түнегеннен кейін, Кеңес есімді ұлдың дүниеге келгені, оның есейген соң елін сыртқы жаудан қорғап, қалмақ Қарахан елін басып алуы, өзі жорықта жүргенде елін Бағлан таз деген қалмақ ханының шауып алып, халықты езгіге салғаны, одан Кеңестің өш алып, Қарлығаш сұлуға үйленуі қызғылықты баяндалады. Жырда елін, туған жерін сүйген қас батыр Кеңес бейнесі көзсіз ерлік белгісіндей елес береді. Бас қаһарманды суреттеуде әсірелеу тәсілі басым болғанымен, Ер Кеңес бейнесі жас ұрпақты отаншылдыққа, ұлтын сүюге тәрбиелейді. “А. е. К.” жыры Батырлар жырының 2- томында (1961), “Ақсауыт” жинағының 2-томында (1977), “Қазақ халық әдебиеті” көп томдығының 12-томында (1990) жарияланды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *