АҚЖОЛАҚ САСЫР (Ferula leucographa) — сасыр туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Талас Алатауының батыс бөлігінде (Машаттауда), Қаратаудың оңт.-шығысындағы (Үлкен бурыл тауы) қиыршықты тасты тау бөктерлерінде өседі. Биікт. 1 м-дей, дара, кейде бірнеше сабақты болады. Сабағының жоғарғы жағы (ұшы) сыпыртқы пішіндес жапырақсыз келеді. Ірілі-ұсақты жапырақтары тілімделген. 10 — 12 ұсақ гүлден тұрады. Гүл шоғыры шатырша тәріздес. Тұқымынан көбейеді. Тұқымы — дәнек. Маусым айында гүлдеп, шілдеде жеміс береді. А. с. өте сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.