АҚЖАЙЛАУ ОҚИҒАСЫ — Ресейден қоныс аударушылар мен жергілікті қазақтар араында болған кақтығыс (1904). Ақжайлау — Шығыс Қазақстан обл. Маркакөлдің күнгей бетіндегі көлемі 50 шаршы шақырымдай шұрайлы алқап. Алқабек, Білезік, Қаба өзендері бастау алады. Бұл орта жайлау — төртуыл, қожамбет руларының ата қонысы. Олар көктемде жонға шығарда, күзде ойға түсерде жайлап келген. 1867 — 68 ж. реформалардан кейін қазақ жеріне қоныс аударған мұғыжарлардың алғашқы тобы Ақжайлауға келіп түседі. Олар ата қоныстарының сырттай тартып алынғанынан мүлдем бейхабар елдің көшінің жолын кесіп, қондырмайды. Үйренген өрісіне тартқан қазақтардың қалың жылқысын жарға қамап, мылтықпен атып, қырғынға ұшыратады. Жазықсыз малды құтқармақ болған Нұғыттықұлы Нұрғали олардың атқан оғынан қаза табады. Сол кезден бастап, қазақтар Ақжайлаудан айырылады. Келімсектер келе-келе басқа да шұрайлы жерлер — Қараойды, Ащылыны, Тарлаулыны тартып алды. Осы жерлерді жанай көшкен казақтар әр мал басы үшін орыстарға тұяқ ақы төлейтін болды. А.о. сияқты жер үшін талас мұғыжарлар қоныстанған көптеген өңірлерге тән болды.