АҚБИКЕШ МҰНАРАСЫ — Қаратаудың батыс сілемдеріндегі Ақсүмбе кентінен оңт-ке қарай орналасқан биік жота басындағы тарихи ескерткіш. Мұнара “Ақсүмбе” деген атпен тарихшы Шараф- эд-Дин әл-Жүздінің “Зәфәр- наме” (“Жеңіс кітабы”) Әмір Темірдің 1389— 90 ж. Тоқтамысқа қарсы жорықтарын сипаттағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылады. Әр түрлі аңыздарда осы күнге дейін мұнараны Ақбикеш арудың есімімен байланыстырады. Мұнара жартас арасын ірі қиыршық тастармен толтырып жасаған іргеліктің үстіне шикі кірпіштен тұрғызылған. Пішімі жұмыр. Мұнараның ішіне кіретін бір, айналаны бақылау үшін жасалған екі ойығы бар. Оның бірі батыс асуға, екіншісі солт.-шығыс жаққа қараған. Мұнара композициясы өзгеше. Орта ғ-дан бүгінге дейін сақталған шикі кірпіштен тұрғызылған бұл мұнараның Қазақстан сәулет өнері тарихында алатын орны ерекше.