АҚБИКЕ — есімі аңызға айналған ел анасы. Тәуке ханның замандасы, қаптағай Шаппа бидің кіші әйелі. Шаппа бидің бәйбішесінен Таңат, Қойлыбай, Олжабай, Шоқа, Құлболды деген бес ұлы, А- ден Лака деген бір ұлы болған. Лақа тұқымы шешесінің атымен А. атанды. А. үлкенге құрмет, кішіге ізеттілігімен, ақыл-парасатымен жұрт аузына ілінген. Шаппа биді өз тұсындағы Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әнет баба, Төбет би, қырғыз Тиес, карақалпақ Сасық, Қу дауысты Құттыбай, жағалбайлы Шеген, керейіт Мәті, Қаражігіт билермен бірге “Жеті жарғы” заңын шығарысқан деген де аңыз сақталған. “Жеті жарғыны” жазуға үш ғана би емес, 7 би, кейде 9 би қатысқан делінеді. Тіпті қолжазба күйінде таратылып, қонысы шалғай би, шешендерден толықтырулар алдырған. А. Қытайдан, Ресейден, Қызылбас елінен келген мәртебелі елшіліктерді қарсы алу салтанаттарына, ханның қабылдауларына қатысып отырған деп те айтылады.