АҚБЕРГЕНОВ Ибадулла (1907, Оңт. Қазақстан обл., Созақ ауд., — 1938/39) — Қазақстаннан шыққан тұңғыш физика-математика ғылымдарының кандидаты (1935), доцент (1936). 1931 ж. Ташкент Орта Азия ун-тінің физ.-матем. ф-тін бітірген. 1932 ж. сол ун-ттің аспирантурасына түсіп, 1934 ж. Ленинград мемл. ун-тінің аспирантурасына ауыстырылады. 1934 ж. проф. Л.В. Канторовичтің (1964 жылдан КСРО ҒА-ның академигі) жетекшілігімен “Интегралдық теңдеулерді жуықтап шешу тәсілдері” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. 1935 — 36 ж. Ташкент Орта Азия ун-тінде қызмет істейді. 1936 ж. ҚазМУ-дың матем. анализ кафедрасының меңгерушілігіне шақырылды. ҚазМУ-де қызмет атқарған 1936 — 38 ж. А. студенттерге математика пәнінің сол уақыттағы деңгейге сәйкес берілуіне өте көп еңбек сіңірді. ҚазМУ-ге Мәскеуден И.П. Натансон, В.Л. Гончаров, Н.Н. Назаров сияқты белгілі профессорларды шақыртты, оқытушылар мен студенттерге дәріс тыңдатуды ұйымдастырды. Оның теориялық жағынан өте жоғары “Фредгольмның екінші текті интегралдық теңдеуінің жуық шешуі және оның меншікті мәнін анықтау” деп аталатын ғыл. еңбегі сол жылдары жарияланды. Мұнда қолданылған тәсіл кейін көптеген математиктердің еңбектерінде онан әрі дамытылды. Кеңестік билік кезеңіндегі саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.