АҚБАҚАЙ АЛТЫН КЕНІ, Жамбыл обл. Мойынқұм ауд-ндағы Мойынқұм ауылынан солт.-шығысқа қарай 60 км жерде орналасқан. 1968 ж. геолог Д. Дүйсенбеков ашқан. Кен орны негізгі 5 тік құлайтын (Басты, Түкен, т.б.) және 9 көлбеу жатқан желілерден тұрады. Желілердің ұзынд. 250 м-ден 600 м-ге дейін, қалынд. бірнеше см-ден 1,5-2 м-ге жетеді. Олар жан- жағынан березит тау жынысымен қоршалған кварц-желілі өзек түзейді. Кентас 900 — 1300 м тереңдікке дейін таралған. Кен түзілу процесі габбропорфирит және ашафит дайкалары жыныстарды жарып шыққаннан кейін, алтын- сүрмелі минералданумен аяқталған. Кен Қызылжар интрузивті кешенінің ішінде және девон жанартау тастекті шөгінді жыныстарының бойында қалыптасқан. Кен орнында алтынның 4 түрі кездеседі: 1) арсенопирит минералы бойындағы ұнтақ цисперсті алтын; 2) кварцтағы сеппе, ұя, желі түрінде шоғырланған бос алтын (өлшемдері 0,01 — 0,1 мм-ден бірнеше мм дейін); 3) кварц-карбонатгы желілердегі түйіршік және қабыршақ түріндегі алтын; 4) гипергендік процеспен байланысты қабыршықгы және дендритті алтын. Алтынның орташа мөлш. жер бетіне жақын аралықта аса жоғары — 60 — 109 г/т, ал 500 — 600 м терендікте 7—10 г/т-ға дейін төмендейді. А. а. к. Қазақстандағы ірі кен орны қатарына жатады, оның негізінде Ақбақай кен-байыту комбинаты салынған.