АҚБАУЫР ҮҢГІРІ

АҚБАУЫР ҮҢГІРІ — энеолит — қола дәуірінің ескерткіші. Шығыс Қазақстан обл. Ұлан ауд. Бестерек а-ның солт-нен 3 км жерде, Ақбауыр тауының етегіне орналасқан. Жүйелі зерттеу жұмыстарын 1970 — 90 ж. ҚР ҒА археол. экспедициясы (жетекшісі 3. Самашев) жүргізді. Үңгір қабырғасындағы қызыл күрең охрамен салынған суреттер б.з.б. 3-мыңжылдықтың басына жатады. Төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір, әсіресе, оның кіреберіске қарсы суреттер салынған негізгі қабырғасы көп адам табынатын, киелі орын болған. Үңгір таудың етегінен 5 — 6 м биік орналасқан. Оның алдындағы алаңда жылдың белгілі бір мерзімінде (жыл басы — наурызда) үлкен діни жиындар, құрбандық шалу, т.б. рәсімдер өткізілген. Суреттердің мазмұны өте күрделі. Композицияның семантик. орталығында қос аяқты арба, өгіз, таутекенің суреттері бейнеленген. Олардың айналасында әр түрлі ирек сызықтар, нүктелер, үшбұрыштар, төртбұрыштар және адамдар, үш-төрт күрке бейнеленген. Энеолит, қола дәуірлерінде салынған бұл суреттер — жердің құнарлы болуын, мал-жанның өсіп-өрбуін тілеу мағынасын білдіреді. Сол кездегі діни ғұрып бойынша, өлген адам қабіріне қос аяқты арбаны бірге қойған. Ол адамдардың жанын, рухын басқа дүниеге тасымалдайтын құрал деп саналған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *