АҚБАУЫР СҰРҚАРЛЫҒАШ (Apus melba) — ұзынканаттылар отрядының сұрқарлығаштар тұқымдасына жататын құс. Қазақстанның Маңғыстау, Қызылорда, Оңт. Қазақстан, Алматы обл-тарында кездеседі. Аласа тау сілемдерін, үңгір, жартастарды мекендейді. Қанатының ұз. 20 — 22 см, салм. 70 — 120 г. Арқасы мен мойнының түсі сұр. Қанаттары — ұзын, әрі орақ тәрізді имек келеді. Тұмсығы мен аяғы қара түсті. Аяқтары өте қысқа. Жерге қонбай, үнемі әуеде ұшып жүреді. Басқа сұрқарлығаштардан айырмашылығы — бауырының ақ болуы. Ірі тастар арасындағы терең қуыстарға ұя салады. Ұясы кездейсоқ бұзылса, қайта жұмыртқалайды. Мекиені мен қоразы 3 — 4 ақ түсті жұмыртқаны кезектесіп, 18 — 21 күндей басады. Балапандарын 40 шақты күнде ұядан ұшырады. А. с. — жыл құсы. Тамыз — қазан айларында жылы жаққа ұшып кетеді. Оңт. Африкада қыстайды. Сәуір — мамыр айларында қайта оралады. А. с. — зиянкес жәндіктермен қоректеніп, пайда келтіретін құс.