АҚБАУЫР ЖАРҚАНАТ (Otonycteris hemrihi), қолқанаттылар отрядының жалтыртұмсықты жарқанаттар тұқымдасына жатады. Қазақстанда Қаратаудың батысындағы Ақмешіт үңгірінен және Үстірттегі Қарамая тауынан ұсталған. Тасты, сазды жарларды мекендейді. Денесі ірі, тұрқы 66—82 мм, қол сүйегінің ұз. 59—66 мм, арқасы құм түстес, бауыры ақшыл болады. Құлақ қалқаны жалпақ әрі өте ұзын, үшкір келеді. Ұясын жартастарға және тұрғын үйлердің қабырғаларындағы жарықтар мен қуыстарға салады. Көктем мен жазда еркектері жеке-жеке, ұрғашылары топтанып тіршілік етеді. Жемтігін күн бата аулайды. Көбіне, жемтігін жер бетінен 2 — 3 м биіктікте ұшып жүріп ұстайды. Негізінен, қоңыздармен, инеліктермен және көбелектермен қоректенеді. Жылына бір рет көбейеді. Маусымның басында, көбіне, ұрғашысы 2 жарқанат табады. Олар тез өседі, шілденің алғашқы күндерінде өз бетінше қоректене бастайды. А. ж-тың тіршілігі әлі толық зерттелмеген. Сирек кездесетін түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).