АҚБАСТАУ – ҚҰСМҰРЫН КЕН ӨРІСІ

АҚБАСТАУ – ҚҰСМҰРЫН КЕН ӨРІСІ — Шығыс Қазақстан обл-ның Аягөз ауд-ндағы Баршатас а-нан батысқа қарай 110 км жерде орналасқан алтын-мыс-полиметалл кен орындарының шоғыры. Кен өрісін 1938 ж. А.Ж. Машанов және геолог Р.И. Мұхаметжанова мыс минералдары (малахит, азурит, хризоколла, т.б) бар барит желілерінің жер бетіне шығып жатқан сынықтары мен ұнтақтары арқылы ашты. Түзілуі бойынша Орал мен Алтайдың колчеданды кентастарына ұқсас бұл кендер Ақбастау антиклинориінің оңт.-батыс қанаты мен солт. Балқаш синклинориінің ұштасқан жерінде, ордовиктің жанартаутекті-шөгінді жыныстарында қалыптасқан. Ақбастау кенін сыйыстырушы жыныстар тектоник. қозғалыстарға байланысты меридиандық бағыттағы тақтатастану процестері әсеріне шалынған. Құсмұрында сульфидті және колчеданды кентастардан құралған екі кен қабаты бар. Кентастардың кейбір бөлігі бүтіндей сульфидтерден құралады, ал кейде олар тарамдалған және сеппелі күйде кездеседі. Негізгі кездесетін минералдарға пирит (басқа сульфидтердің бәрінің қосындысынан 10 есе көп), сфалерит, галенит, борнит, ковеллин, т.б. жатады. Олардан мыс, мырыш, қорғасын, алтын, күміс, күкірт, барий, т.б. алуға болады. Сондай-ақ Құсмұрында бұларға қоса сирек элементтерден селен, теллур, кобальт, таллий, т.б., ал Ақбастауда молибден, кадмий, сүрме, мышьяк, галлий кездеседі. Кендердегі тотығу белдемінің тереңд. 15 — 40 м-ге дейін жетеді. Құсмұрынның тотыққан кентастары түгел барланған. Оның кені карьер қазу әдісімен өндіріледі. Бұл кендерден алтын мен күміс алынады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *