АҚАН СЕРІ — АҚТОҚТЫ

“АҚАН СЕРІ — АҚТОҚТЫ” опера (Авт. С. Мұхамеджанов, либрет. авт. Ғ. Мүсірепов, реж. Б. Омаров, дирижері В. Рутгер, суретші Г. Исмайылова). Премьерасы 23.1. 1982 ж. Алматыдағы Абай атынд. Қазақ академиялық Опера және балет театрында өтті. Алғашқы қойылымында басты партияларды Қазақстанның еңбек сің. артистері X. Қалиламбекова мен К. Мыржықбаев орындады.

“Ақан сері — Ақтоқты” — лирика-психол. туынды. Оған 19 ғ-да өмір сүрген әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылық жолы арқау болған. Операны айшықтай түсетін нақты белгілер — шығарманың өн бойына ұласып жатқан сұлу саз, ұлттық құнарлы тіл және сюжеттегі лирик. арқаудың шымырлығы. Драмалық екі желі қатар өрбіп отырады. Олар — Ақан мен Ақтоқтының сүйіспеншілік сезімі, Ақанның Науан хазіретпен айқасы. Осыдан келіп операда бір-біріне қайшы образдардың екі тобы туындаған. Ақан мен Ақтоқтының лирик. бейнелері барынша жақсы ашылған. Олардың партиялары вокальдық тынысының кендігімен, поэтик. асқақтығымен, әуезділігімен ерекшеленеді. Халықтық ән өнері мен кәсіпқой шығармашылықтың терең астасып жатқанын аңғару қиын емес. Мұхамеджанов муз-сының Ақан әндерімен әуен-ырғақ жағынан тамырласып, сері шығармашылығының ішкі құпиясын дөп басуы операның көркемдік құнын асқақтата түседі. Бас қаһарман характерінің сан қырлылығымен ерекшеленеді. Вокальдық партиялар мен оркестрлік топтың интонациялық ауқымында Ақанның жан дүниесі жарқын көрінген. Қомақты жеке нөмірлерде — кіріспедегі әнде, 1-актінің монологында, 2- актідегі Ариоза мен балладада, 3-актідегі арияда, т.б. көріністерде Акан сері образы жан-жақты ашылады. Операның лирик. бағыты Ақтоқтының муз. бейнесін тереңдете түседі. Жанды образ сәт сайын биіктеп іштей дамып, бірте-бірте толысып, көрнекті тұлғаға айналады. Мөлдір сезімнен ұшқын атқан махаббат қоғамдық-әлеум. мәнге ие болады. Соңы ерлік драмасымен аяқталады. Операда хордың да өзіндік орны бар. Халықтық муз. дәстүрінің айшықты беттерін толықтыратын бұл опера комп. Мұхамеджановтың классик. еңбегі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *