АҚАН СЕРІ, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843ж., бұрынғы Көкшетау обл. Үлкен Қоскөлдің маңы — 1913 ж., сон да) — ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі — Қорамса, шешесі — Жаңыл.
А. с. жас кезінен өнерімен көзге түсіп, кейін ақындық, әншілік өнері кемелденген соң алты алашқа аты мәлім сері атанған. Әуелі ауылда, содан соң Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) молдадан оқыған. 16—17 жасынан өнер жолына түскен. Шоқанның қазасына көңіл айтып, оны Көкшенің биігіне, теңіздегі кемеге теңейді, “40 темірдің қылауын қосқан өнерпаз” деп бағалайды. А. с-нің бірінші әйелі Жұман қызы Бәтимадан туған жалғыз ұлы Ыбан (Ыбырайым) тілсіз, мылқау болған. Оған А. с. жазу-сызу үйреткен. Бәтима өлген соң, аз күн отасқан әйелі Тінәлі қызы Ұрқияға А. сері “Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия” деген өлеңін арнаған. А. с-нің тірідей айырылған сүйген қызы — Ақтоқты. Бұл — арты аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі А. с. шығармаларынан кең орын алды. “Ақ көйлек”, “Аужар”, “Алтыбасар”, “Ғашық жарға”, “Тағрипың”, “Ж-ға” — Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары. Құлагердің мерт болуы (80-жылдардың ортасы) да егде тартқан А. с- нің өмірі мен шығ-нда ұмытылмас оқиға болды. Керей Сағынайдың асындағы аламан бәйгеде Құлагер кісі қолынан мерт болды. Құлагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімі тебірене жырланған. Өмір соққысын көрген А.с. енді: “Жақсылықтан жамандық асып кетті, Бой бағып тұру артық келсе шамаң” дейді. Ел аралауды сиретіп, бойын бағуды ойлайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Бірақ А. с. өмірден де, өнерденде қол үзбейді. “Өнерді бойға біткен іркіп болмас” деп қарайды. Осы тұстағы ән-өлеңдерінің елеулісі — “Балқадиша”. Бұл — өз теңіне атастырылған әдепті, сыпайы қыздың өнерлі ағаны қадір тұтқан сүйкімді қылығына разы ағалық қарыздар көңілден туған ән.
90-жылдардағы А. с. шығармашылығында айтыс едәуір орын алды. А. с-нің алғашқы айтыс-қағыс өлендерінің бірі — “Жүсіп төреге” (Тәкінің Жүсібіне қайтарған жауап өлеңі). Орынбай, Нүркей, т.б. он шақты ақынмен айтыстарының үзінділері ғана сақталған. Толығырағы — Нұрқожамен айтысы. Онда А. с. ел- жүртты тірек тұтады (“Хақ қалаған Есенбай қарашамын, Алтын бесік халқыма жарасамын”), ақындық өнерді қадірлейді, туған жерді, халықты мақтан етеді.
А. с-нің елдің жер-судан, қоныстан айырылуына наразылық білдірген азаматтық лирикалары мен сықақ өлеңдері де өткірлігімен ерекшеленеді. Атбасардың указной молдасы Көктөбеттің Смағұлын, атығай-қарауылдың болысы Сұрағанды, болыс Шоғармақты өлтіре сықақ етеді. Осы өлеңдері мен “Замана адамында” сері ел билеген әкімдерді “Кей жаман мал бітті деп әкім болар” деп әшкерелейді. Қонысынан айырылған елдің мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады. Мемл. 2-Думаға шағынады, әділдік, үміт күтеді. Өмірінің соңғы кезеңінде жазылған өлеңінің бірі — “Қаратай”. А. с. аулы қонысынан айырылып, орнына Комаровка а-ы орнағанда, ескі мекенге барып жүрген Қаратайды (А. с-нің мінген аты) “егінге түсті” деген сылтаумен ұстап алып, сатып жіберіпті. Ат пен иесінің диалогы түрінде жазылған бұл өлеңде қуғыншы 4 орыстан қашып барғанда “бүбірнай” (выборнай) Көшербайдың рақым етпегені, судьяның әділ үкім шығармағаны айтылады. Соңында: “Орыс пенен қазақтың алдым несін?! Тәңір берген әркімнің несібесін. Ол түгіл жан салмаған Құлагердің, Сөйлейді граммофонда әңгімесін”, — деп, “Құлагер” әнінің сол заманда пластинкаға түсірілгенін ескертеді. Өлер алдында шығарған “Мінәжат” өлеңінде иман тілейді. А.с. — өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирик. тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. Әділіне көшсек, “Ақан сері” атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шартарапқа жетуі — әншілік-композиторлық өнерінің жемісі. Жасынан халықтың ән-күйінен сусындап, өзіне дейінгі әншілік дәстүрді толық меңгерген А. с. бертін келе, жігіт шағында серілік құрып, өзі де ән шығарады. Көкшенің сұлу табиғатына көз тігіп, оны албырт сезімді, әсерлі муз. үніне бөлейді. Осы әншілік өнерде А. с. жалғыз болмайды. Айналасына әнші- күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралайды. Ақын, әнші серілердің бәрімен достасады. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты атақты ақын-әншілер А. с-нің ең жақын достары болған. Олардың бәрі А. с-нің әншілік өнеріне игі әсер еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, суреткерлік талғамын шыңдай түскен. Ол қазақтың ұлттық өнерін профессионалдық биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классик. үлгісін жасады. Сан қырлы дарындылық, поэзия мен муз-ның тел қозыдай табысуы, өзіне ғана тән нақыш, жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік — А. с. шығармашылығына тән бас- ты-басты қасиеттер. Қазақ мәдениетінің алтын қорына А. с-нің елуге жуық муз.-поэтик. мұрасы енген. А. с. шығармалары поэтик. тұнықтығымен, образдар әлемінің тереңдігі мен, поэтик. және муз. тілінің шырайлылығымен, айрықша талғампаздығымен, нақыштық тазалығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық болмысының басты қасиеттері — өмір шындығын боямасыз жырлауы, психол. иірімдерге толы, эмоциялық бояуының қанықтығы. Шығармаларының басым бөлігін қамтитын кеңінен танымал көңіл-күй және махаббат лирикаларында ғажайып табиғат суреттері мен нәзік мұң, өмір қиыншылықтары туралы трагедиялық пайымдаулар шынайы да шымыр қатар өріліп жатады. Оның стиліндегі жоғары жетістік — кең тыныстылық, он иірімдерінің нәзіктігі, әуен әсемдігі, интонациялық суреттерінің молдығы, сазының биік те асқақ, ырғақтары мен қайырымдарының ұзақтығы. А. с-нің “Ақтоқты”, “Алтыбасар”, “Тер қатқан”, “Мақпал”, “Балқадиша”, “Сырымбет”, “Майда қоңыр”, т.б. әндері әйел жанының сұлулығын жарқырата көрсетуімен бірге, махаббат құдіретін асқақтата суреттеуімен де құнды. Кеңінен танымал бұл әндер әйелдер образының галереясын жасап, шынайы махаббат рухын ту етіп көтереді. А. с. ақын-әнші ғана емес, сандақ аңшы, атбегі де. Ақынның сүйікті досына, қимас өмірлік серігіне айналған сәйгүлігі мен қыран құстарына арналған “Маңмаңгер”, “Қараторғай”, “Көкжендет”, “Құлагер” әндерінде А. с-нің ішкі жан дүниесіндегі бұрқаныс, қан жылаған жүрек, телегей теңіз мұң мәймілдеп тұрғандай. А.с. басындағы трагедиялық күй кез келген жүректі толқытады. Әсіресе, “Қүлагердегі” экспрессивті интонация, толқыған мұңды әуен, драмаға суарылған қайғылы оқиға шынайылығымен баурайды. Ән ақын өмірінің трагедиялық сәтін бейнелеумен қатар, сол қоғамдағы өнер адамдарының тағдырын қамти отырып, өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіз бет-бейнесін ашады. А. с-нің муз. туындылары қазақ өнерінің өркендеуіне зор ықпалын тигізді. Оның шығармаларын белгілі әншілер Ә. Қашаубаев, Ж. Елебекон, М. Ержанов, Ж. Кәрменов, т.б. сл игілігіне айналдырды. Қазақстан композиторларының симфониялық және опералық шығармаларында кеңінен енгізіліп, Ақан әндері екінші өмірін бастады. Серінің өмірі мен тағдыры туралы I. Жансүгіров “Құлагер” поэмасын, Ғ. Мүсірепов “Ақан сері — Ақтоқты” драмасын, С. Мұхамеджанов осы аттас операсын, С. Жүнісов “Ақан сері” романын жазды.