АҚАЕВ Хасен (1859, Семей обл. Қарқаралы ауд. Ку болысы — 1931, Қызылжар) — қоғам қайраткері, бай. 16 жыл Ку елінің болысы қызметін атқарып, ел арасына жаңалық енгізуші, білім мен өнерді қолдаушы болған. Ата қонысында орналасқан Қоянды жәрмеңкесінің өркендеуіне, орыс, татар, өзбек көпестерімен сауда-саттықтың дамуына көп күш салған. Дүкен ұстап, қыр қазағының өнеркәсіп өнімдеріне сұранысын өтеуге тырысқан. Егін егіп, мал тұқымын жақсартумен айналысқан. Еуропалық үлгідегі қазақ- орыс мектебін ашып, оны бітіргендерді өз қаражатымен Қарқаралы, Семей, Омбы оқу орындарында оқытқан. Әнші, күйші, серілерді, фельдшер, ісмер адамдарды жанында ұстаған. Балуандарымен, жүйрік аттарымен даңқы жайылған. 1905 ж. Қарқаралы хүзырхатын (петициясын) ұйымдастырушылардың бірі болды. 1910 ж. қазақтарды патша үкіметіне бағынбауға, сырттан көшіп келушілерге жер бермеуге, Қазақстанды Ресей империясынан бөліп алуға үгіттеді деген айып тағылып, әкімш. жағынан жауапқа тартылды. 1917 ж. 16 наурызда Қарқаралы уезі қазақ к-тінің мүшесі болып сайланды. 1918 — 20 ж. алашорданың елдегі сүйеніштерінің бірі болды. 1921-22 ж. Кеңес орындарына елге сыйлы азаматтардың. сайлануына ықпал жасады. Семей өңірінен аштыққа ұшыраған Торғай еліне жәрдем малын жинастыруға ат салысты. Мал-мүлкі әлденеше рет тәркіленді. 1927 ж. Қызылжарға, одан Башқортстанға кетуге мәжбүр етілді.