АКЦИЗ (франц. ассіsе, лат. ассіdеrе — кесу) — тұтыну тауарларының және көрсетілетін қызметтердің бағасына қосымша салынатын салықтың бір түрі. Респ-да өндірілген және сырттан келетін тауарларға, бәсеке бизнесіне А. салынады. Акцизделетін тауарларға спирттің барлық түрі, сусын, шырын, арақ-шарап, коньяк, шампан шарабы, сыра, темекі өнімдері, бекіре мен қызыл балық олардың уылдырығы, алтын, платина немесе күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, хрусталь бұйымдары, бензин (авиация бензинінен басқасы), дизель отыны, т.б. жатады (1998). Сапасы мен бағасы жақын (тұз, шырпы, қант, т.б.) тауарларға салынатын бірыңғай А., ортақ белгілеріне қарай (шараптың күші, матаның беріктігі, т.б.) жіктелетін тауарларға салынатын ажыратылған А., тауардың өлшем бірлігінен қатаң мөлшермен алынатын жеке А., сорттарының бағасы әр түрлі деңгейдегі бірыңғай тауарларға арналған орташа А. деген түрлері бар. ҚР үкіметі А. мөлшерін бекітерде осы жайлардың бәрін ескереді. “Акциз туралы” Қазақстан Республикасының Заңы (24. 12.1991) мен “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” ҚР Президентінің заң күші бар Жарлығында (24.04.1995), ҚР үкіметінің қаулыларында А. мәселелеріне байланысты көптеген шаралар жүзеге асырылды.