АКЦЕПТ (лат. acceptus — қабылданған) — 1) оферта жолданған жақтың оны қабылдағандығы туралы жауабы. А. келісімшарт жасау туралы контрагенттің ұсынысын қабылдауға келіскендікті білдіреді. ҚР-ның Азаматтық Кодексінің (Жалпы бөлім, 1994 ж.) 396-бабына сәйкес А. толық әрі бұлтарыссыз болуы тиіс. Егер заңнан, іскерлік қызмет аясында қалыптасқан әдеттерден, екі тараптың бұрынғы іскерлік қарым-қатынастарынан өзгеше бір жағдай туындамаса, үнсіз қалушылық А. болып саналмайды. Егер заңда, өзге құқықтық актілерде немесе офертаның өзінде басқадай көзделмесе, белгіленген мерзім ішінде офертаны алған адамның онда көрсетілген келісімшарт шарттарын орындау (тауарларды түсіріп алу, қызмет көрсету, жұмыстарды атқару, ақша төлеу, т.б.) жөніндегі іс- әрекеті А. болып саналады. Егер офертаны жолдаған адамға А-ті кері қайтарып алу ту- ралы хабарлама А-тен бұрын не онымен бір мезгілде келсе, онда А. алынбаған болып есептеледі. Офертада ұсынынғаннан өзгеше шарттармен келісімшарт жасауға келісім туралы жауап қайтару А. болып табылмайды. Мұндай жауап А-тен бас тарту және со- нымен қатар жаңа оферта ретінде танылады. А-ті жолдау мен қабылдаудың құқықтық реттері мен тәртіптері арнаулы заңдарда егжей-тегжейлі көзделген; 2) төлеушінің (трассат) аударым векселі (тратта) бойынша сол вексельді онда көрсетілген мерзімде төлеуге міндеттеме алуы; 3) аударым вексельде көрсетілген соманың төленетініне банктің кепілдеме беруге келісімі; 4) бұрынғы КСРО-да және басқа бұрынғы соц. елдерде шаруашылық ұйымдар арасында қолма-қол ақша төлемей есеп айырысудың бір түрі болды.
Төленуге тиіс соманы төлеуге келісім берген заңды немесе жеке тұлғаны акцептант (лат.acceptans , қабылдаушы) деп атайды. Оның келісімі вексельге “акцептелді” деп жазып, қол қоюмен айғақталады. Вексель ұстаушы аударым вексельді төлеушіге А-тік белгі соқтыру үшін вексельдің төлем мерзімі жетпей-ақ ұсынуы мүмкін.