АКУТАГАВА Рюноскэ (1.3. 1892, Токио — 24.7.1927, сонда)-жапон жазушысы. Токио императорлық ун-тінің ағылшын ф-тін бітірген (1916). Алғашқы әңгімелері (“Расемон кақпасы”, “Мұрын”, т.б.) студент кезінде жарық көріп, жапон әдебиетінің классигі Нацумэ-Соэкидің назарын аударған. Біршама әңгімелері көне әдеби ескерткіштер мен жылнамалардан алынған шартты- тарихи сюжеттерге, 10 — 12 ғ. материалдарына құрылған. А. новеллалары психолог. иірімдерімен, адамның рухани әлеміне тереңдей үңілуімен ерекшеленеді. Адамның моралдық келбеті мен жан дүние құбылыстары биік этик. талаптар тұрғысынан бейнеленеді. Кейінгі әңгімелерінде де жазушы адамның әлеум. болмысына емес, ішкі дүниесіне назар салады. Сыртқы әлем шындығы кейіпкерлер психологиясы арқылы көрініс табады (“Маймыл”, “Мұғалім Мори”, “Мандариндер”, “Күз”, “Тастанды”, “Бақ”, “А-ба-ба-ба”, “Суық”, т.б.). А. жүз елуге тарта новелла, көптеген миниатюралар, лирик.-филос. жазбалар топтамасын (“Текадо”, “Түкке тұрмайтын адамның сөзі”, т.б.), бірнеше сценарий, өлеңдер, бірқатар әдеби-сын мақалалар жазып қалдырды. А. жапон әдебиетінде новелланың үздік шебері саналады. Шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған. Жапонияда жас жазушыларға А. атындағы әдеби сыйлық тағайындалған. Қазақ тілінде “Мұғалім Мори” (1985, ауд. Б. Қожабеков) деген атпен әңгімелер жинағы шықты.