АКАДЕМИЯЛЫҚ ТЕАТР — кеңестік үкімет кезінде жетекші және тарихы бай театрларға берілген құрметті атақ. 1919 ж. енгізілген. Алғашқы А. т. атағы Ресейдің байырғы муз. және драм. театр ұжымдарына (мыс., Мәскеудегі Үлкен, Кіші, Көркем театрлар мен Санкт-Петербургтегі Александрин, Мариин және Михайлов театрларына) берілді. ж. Мәскеу мен Санкт- Петербург театрлары А. т. ассоциациясына (1921 жылға дейін) бірікті. Оның “Культура театра” деген баспа органы болған. 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында театр өнерінің дамуына байланысты орыс, украин, татар және өзбек театрлары да осы атаққа ие болды. Бұдан кейін қазақ (Қазақ драма театры, 1937; Қазақтың опера және балет театры, 1941), тәжік, түрікмен, қырғыз театрларына да осы атақ берілді.