АҚМАЯ — қола дәуірінің қонысы. Қарағанды обл. Шет ауд. Қызылтау а-ның оңт.-батысында 25 км жерде, Ақмая тауының солт. етегіндегі бұлақ басында орналасқан. Алғаш қазба жұмыстарын 1985 ж. Орт. Қазақстан археол. экспедициясы (жетекшісі Ж. Құрманқұлов) жүргізді. Көлемі 1 га шамасында дөңгелек пішінді үйдің (қазба көлемі 6,5×5,5 м) жартысы және мыс балқытқан екі пеш ашылды. Ол Атасу қонысындағы пештерге ұқсас. Айналасынан көптеген геом. өрнегі бар саз ыдыстар мен олардың сынықтары, екі жүзді қола пышақ, мыс балқытатын саз тигельдер, мыс кенін ұнтақтап, дән үгетін тас құралдар, ұршық бастары, жануарлар сүйегі табылды. А. қонысының тұрғындары, негізінен, мыс балқытып, одан қару-жарақ, түрлі саймандар жасауды кәсіп еткен. Сонымен бірге егін егіп, мал бағып, аң аулаған. Жинастырылған деректерге қарағанда А. қонысында адамдар б.з.б. 14—13 ғ-да өмір сүрген.