АЙҚҰЛАҚ — ұлттық ойын. Көбінесе, көктем, жаз айларында ойналады. А. ойнау үшін кешқұрым ел аяғы басылған соң ауыл балалары жиналып, орталарынан үш баланы шығарады. Олардың бірі — қасқыр, бірі — қойшы, бірі — ит болады. Қасқыр болатын баланы екі шекесіне екі тақияны тікейтіп, орамалмен маңдайын байлап, арқасына киім- кешек тығып томпайтады. Қасқыр кейпіне келтірген соң балаларға жуытпай анадай бір бұтаның тасасына жасырады. Қойшы болатын баланың үстіне жыртық шапан, басына жаман бөрік кигізіп, қолына таяқ ұстатып, ит болатын баланы қасына ертіп, қойдың қасына жатқызады. Қалған балаларды қой етіп көгендеп қояды. Біраздан соң “қойлар” дүр етіп үркеді, сол уақытта “ит” те абалап, “қасқырмен” арсылдасып қалған кезде, “қойшы” айтақтап “қойларды” айырып алады. “Қасқыр” қайта-қайта шауып, бірде құр кетіп, бірде алып кетіп жүріп “қойлардың” бәрін тауысады. Осылайша ойын аяқталып, алғашқы тәртіппен қайта басталады.