АЙҚЫМБАЕВ Масғұт Айқымбайұлы (31.12.1916, қазіргі Шығ. Қазақстан обл. Семей қалалық әкімшілігіне бағынышты Знаменка с. — 14.10. 1992, Алматы) — ғалым, мед. ғыл. докторы (1967), проф. , Қазақстанның еңб. сің. дәрігері (1966). Алматы мемл. мед. ин-тын (қазіргі Қазақ мемл. мед. ун-ті) бітірген (1940). Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1940 — 49 ж. әскери дәрігер. 1949 — 62 ж. Ортаазиялық (қазіргі Қазақ) оба ауруымен күресетін ғыл.-зерт. ин-тында лаборатория меңгерушісі, 1962-87 ж. оның директоры болды. А-тың негізгі ғыл. еңбектері аса қауіпті аурулар эпидемиологиясына, әсіресе, туляремия ауруын тудыратын микроорганизмдердің табиғи ошағын зерттеу және аурудың алдын алу, сактану мәселелеріне арналған. Сондай-ақ Қазақстанда бірнеше туляремия ошақтарын ашып, оларға толық ғыл. сипаттама берген. 1-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, “Құрмет Белгісі” ордендерімен және медальдармен марапатталған.