АЙЯ СОФЬЯ — Стамбұлдағы музей ғимараты. Көне сәулет өнерінің үлгісі. Іргетасы император Константиннің бұйрығы бойынша 325 ж. қаланған. 10 мың жұмыскер 5 жылда салып бітірген. Содан бері түрлі жағдайларда талай рет қирап, талай рет қалпына келтірілген. Қазіргі түрі негізінен 532 — 37 жылдары (император Юстинианның зама— нында) Анфимий және Исидор атты екі сәулетшінің қолынан шыкқан үлгі-нұсқадағы қалпын сақтаған. Олардың ерекше зәулім етіп салған күмбезі 20 жыл өткен соң құлап қалып, 563 ж. Родос аралы топырағынан жасалған жеңіл кірпіштен жаңа күмбез орнатылыпты. Оның биікт. 55,6 м, диаметрі 31,4 м. Күмбездіктің 40 терезесі бар. Негізгі күмбезге жанамалай жалғасқан жартылай күмбездер жүйесі ғимарат бейнесіне көкпен таласқан зәулімдік сипат береді. 1317 ж. император Андроник Палеолог ғимарат ұстындарын нығайту үшін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. А.С. кезінде әлемнің ең үлкен ғибадатханасы болды. Түріктерге дейін Византия империясының, кейін 500 жыл бойы (1935 жылға дейін) түріктердің діни орталығы қызметін атқарды. А.С. 1453 ж. мешітке айналдырылған соң, ғимараттың ішкі көрінісі қайта көркемделді. 16 — 18 ғ-ларда мешіт мұнаралары, қосымша құрылыстар салынды. 1935 ж. Ататүрік А.С- ны музейге айналдырды.