АЙШУАҚОВ Баймұхамед (Баймағамбет)

АЙШУАҚОВ Баймұхамед (Баймағамбет) (1790 — 30.3. 1847) — сұлтан, ген.-майор. Кіші жүзді билеген Айшуақ ханның баласы, Әбілқайыр ханның немересі. Сауатын ауылда ашып, араб, орыс тілдерін меңгерген. 1815 ж. жетіру билеушісі болып тағайындалды. А. Қазақстандағы патша үкіметінің саясатына қолдау көрсеткені үшін әскери старшина (1836 жылдан), подполковник (1839), полковник (1840) шендерін алған. 1825 ж. Кіші жүздің батыс бөлігінің сұлтан-әкімі Қаратай Нұралиевпен және Орал казак-орыстарымен қосылып Жоламан Тіленшіұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысын басуға қатысты. Патша үкіметіне көрсеткен “адал қызметі” үшін 1830 ж. 25 қарашада батыс бөліктің сұлтан-әкімі болып тағайындалды. Ол бұл қызметті 17 жыл бойы атқарды. Исатай Тайманов бастаған шаруалар көтерілісін басуда белсенділік танытып, 1838 ж. 12 шілдесінде Қиыл өз-нің жағасындағы шайқаста ұрысқа араласты. 1839 — 40 ж. Орынбор әскери губернаторы В.А. Перовский бастаған экспед. корпустың Хиуаға жасаған сәтсіз жорығына қатысты, Маңғыстауда Жаңа Перовск бекінісін салдырды. 1843 ж. Кенесары Қасымов отрядына қарсы күресті. 1846 жылдың желтоқсаны мен 1847 жылғы наурыз аралығында Кіші жүз қазақтарының бір топ өкілдерін бастап Санкт— Петербургге болып қайтты. Делегация құрамында өзінің үлкен ұлы әскери старшина Мұхамеджан Баймұхамедов, есаул Мұхаметқали Таукин, Қазы Сырымов (Сырым Датұлының баласы), Махмұт Алғазиев, билер Маңкы Құлов пен Жаманбай Қозыбақовтар болды. А. бұл сапарында Николай І-нің қабылдауында болып, ген.-майор дәрежесін алды (1847, 27 ақпан). Баймағамбет сұлтанның үш әйелінен (Ханша Таңжарықова, Шолпан Пірімова, Халифа Табылдина) 7 ұл, 7 қызы болған. Ұлдарының барлығы Орынбор әскери уч-щесінің Азия бөлімшесін бітіріп, жергілікті әкімшілікте әскери қызметтер атқарған. Солардың ішінде Мұхамеджан ген.- майор дәрежесіне дейін көтерілген. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *