АЙШУАҚ (1720 — 1810) — хан, Кіші жүзді билеген (16. 10.1797 — 1805). Әбілқайыр ханның баласы. Нұралы ханның тұсында жетіруға билік жүргізді. 1748 — 49 ж. қазақ шонжарларының төрт баласымен бірге (інісі Қожахметті алмастырып) Жаманқалада (Орскіде) аманатта болды. Апақ және Жантөре деген балалары Сырым батыр бастаған қозғалысқа белсене қатысуына байланысты 1785 ж. атаман Донсков А-ты тұтқынға алып, екі жылдай қамауда ұстады. Кейін Сырым батыр және Ералы сұлтандардың араласуымен тұтқыннан босанады. 8.08.1797 ж. ашылған Кіші жүздегі Хан кеңесіне төрағалық етті. Бұл кеңеске шекті сары Шонай би, сықылар Сұлтанбек, алаша Шақшақ, табын Көшекбай, кердері Бітік мырза және патша үкіметінің өкілі мүфти М. Хұсайынов мүше болған. Кеңестің жұмысына, негізінен, Хұсайынов ықпал еткенімен, А. Орынбор әкімшілігі мен Сырымның арасын бітістіру, ел ішінде тыныштық орнату бағытында елеулі жұмыстар атқарды. Жасының ұлғаюына байланысты 1805 ж. өз өтінішімен хандықтан босатылды.