АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІ

АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІ — сәулет өнері ескерткіші. 12 ғ- да салынған. Жамбыл обл. Жамбыл ауд. Айша бибі а-нда орналасқан. Кесене құрылсын 1897 ж. В.А. Каллаур, 1938 — 39 ж. А.Н. Бернштам бастаған КСРО ЕА Қазақ филиалының тарих және материалдық мәдениет экспедициясы, 1953 ж. Қазақстан ҒА-ның экспедициясы зерттеген. Айша бибі тарихтан белгілі Қараханның әйелі. Күмбезді сол Қарахан (Әулие ата) салдырған. Бірақ кесенені салған сәулетші туралы нақты дерек жоқ. Пішіні шаршыланып біткен, ауд. 7,6×7,6 м, бұрыштар бағана-тіреулер арқылы көтерілген. Кесене ортасында құлпытас (3 х 1,4 м) орнатылған. Батыс жақ қабырға мен бағаналар оюлы ұсақ плиткалармен қапталған. Қабырғаның ортасында сүйір арқалы текше жасалған. Текше беттерінің қабырғаға ұласар тұсы шағын бағаналармен сәнделген. Бұл бағаналардың жоғарғы жағы көгеріс өрнекпен әшекейленген мығым блок болып келеді. Бұрыш тағы бағаналар көгеріс өрнекті жұқа кірпішпен өрілген белдеу арқылы әсемделген. А. б. к-нің іргетасынан бастап есептегенде 3,4 м биіктікте бағаналарға араб әрпінде жазуы бар белдеу жүргізілген. Солардың бірінде “күз, бұлттар, дөңгеленген дүние…” деген сөздер жазылған. Кесене қабырғалары (қалыңд. 80 см) үш бөліктен: күйдірілген кірпішпен қаланған ішкі жағынан, оймыш әшекейлі плиталармен қапталған сыртқы жағынан, сонымен бірге саз балшықпен және жарамсыз плиткалардың сынықтарымен толтырылған қабырға ортасындағы кеңістіктен тұрады. Қабырғалар мен бағаналар беріктігін арттыру үшін қабырғаның ішкі жағына арша ағашынан арқалық қойылған. Кесене қабырғаларының сыртқы беті артқы жағындағы сыналарымен бекітілген оймыш ұсақ плиталар арқылы безендірілген. Ұсақ плиталардың шырмауық өрнегіне 60 түрлі әшекей қолданылған.  

Қашаумен үңгіп жасалған бұл оюлар бір-бірімен қиюласып, кесененің мақсатына лайық сәулеттік сипат, композициялық шешім тапқан. Кесене құрылысынан Темір дәуіріндегі сәулет өнерінде үлкен орын алған порталды-тақталы дәстүр айқын аңғарылады. “Қазақ жобалау-қалпына келтіру” ин-ты А. б. к-н қалпына келтіру жұмысының жобасын жасап, Тараздағы шеберхана ескерткішті қалпына келтірді. А. б. к. респ. маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемл. қорғауына алынған. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *