АЙТТЫРУ — қызға құда түсер алдындағы салт. Ұлы ер жеткен әке баласын аяқтандыруды ойластырады. Ол үшін ұлының көз тіккені бар ма, соны анықтайды, болмаса әркім-әркімнен сыр тартып, келін болуға лайық қыз қарастырады. Әдетте, қазақтар қызы бар үйдің өзімен терезелі тең шаңырақ болуын қалаған, көргенді жерден қыз А-ға құмартқан. Жігіт әкесі діггеген қыз басының бостығын, әке-шешесінің А-ға қарсы еместігін білу мақсатында кісі жіберген немесе өзі барған. Қызды көруге келген жігіттің әкесіне қыздың шешесі: “Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді, қызымның ұнағаны рас болса белгі тастап кет” — дейді. Жігіт әкесі үйдің төріне қамшысын іліп, “құдалықтың басы осы болсын” деп бір жорға ат байлап кететін болған. Осындай жоралғыдан кейін ол үйдің қызы — “басы байлаулы, үкі таққан қыз” атанады. Төрдегі қамшы құда түсу тойы болғанша ілулі тұрады. Қыз әкесі бір жарым жыл ішінде жігіт жақтан жаушы келгенше күтеді, егер осы уақыт ішінде жігіт жақтан еш хабар бол- маса, қамшы кері қайтарылады. Осы секілді жоралғылар біткен соң қызды ресми түрде айттырады. Ол үшін арнайы жаушы жіберіледі. Жаушы — қыз айттыруға баратын өкіл. Ол жөн-жосық білгіш, сөзге шешен, әзіл-қалжыңға жүйрік адам болуы керек. Той қамы, басқа да әр түрлі жөн-жоралғы жайы негізінен осы жолы келісіледі. Айттырылған қыз жігітке қалыңдық, қайын жұртына болашақ келін атанады.