АЙТМАН КҮМБЕЗІ — сәулет өнері ескерткіші. Маңғыстау обл. Үстірттің оңт.-шығыс жағында Айтмансу құдығының басында Артық тамымен қатарлас орналасқан. А. к-н Айтманұлы Жарылқасын деген азамат әкесі мен өзіне арнап 1897 — 98 ж. халық ше- берлері ағайынды Дүйсенбай мен Өмір Қаражүсіп ұлдарына салдырған. Сәндік порталдарының үш жарты шарға бөлініп, парапеттерінің садақ бейнелі болуы, барабан цилиндрі мен оның күмбезінің шошақ келуі А. к. тұлғасына жарасымды тұтастық берген. Күмбез ішіне кіретін есік алдыңғы жақтан шығарылған, ауа райының ашық кездерінде күнге сәулеленіп тұрады. Қабырғалары арасына ұсақ тастар толтырылып, мықты болуы үшін көлденең байламдар салынған, екі қатар құрғақ жікпен қаланып, үстінен ылаймен бекітілген. Қабырғаның ішкі беті оюлармен әшекейленіп, ақ, қызыл, қоңыр, көк түстермен боялған. Ойынды қуыстарына қару-жарақ (мылтық, қорамсақ, қанжар, қайқы қылыш, найза) және үй жабдықтарының (дастархан, самаурын, шәйнек, құман, домбыра) суреті салынып, өсімдік өрнегімен безендірілген.