АЙМАҚТЫҚ ЭКОНОМИКА — экон. ғылымының өндіріс салалары мен кәсіп- орындарды ел аумағының жекелеген өңірлеріне ұтымды орналастыруды, өнімді өткізу аймақтарын қалыптастыруды көздейтін сала. Ол материалдық және еңбек ресурстарын тиімді пайдалануды, экономиканы басқаруды одан әрі жетілдіруді, шаруашылықты дамытуды, салааралық мамандандырылған шаруашылық түрлерін өрістетуге жағдай жасауды, аймақтағы өндірістік салаларды жетілдіруді зерттейді. А. э. өндіргіш күштерді дамыту мен орналастырудың кең ауқымды мәселелерін қарастырады, ірі өндірістік комплекстерді құруға жол ашады. Ол үшін аймақтың энергет., минералды-шикізат, материалдық-техн. базасы зерттеледі, өндіргіш күштердің дамуына табиғи ортаның, экологияның бұзылмауы негізге алынады. Қазақстан аймақтарындағы мол табиғи ресурстарды ұтымды игеру, өнеркәсіптік шикізат пен отын базасын дұрыс орналастыру еліміздің экономикалық қуатын арттырады. Халық шаруашылығының шикізат және отын ресурстарын пайдаланудың арта түсуі шикізат базасының үлкен торабын жасауды талап етеді. Минералдық шикізат ресурстары экон. құрылымдық тұрғыдан қайта құруға қажетті қаржыны жинауға мүмкіндік береді. Мәселен, Қазақстан экономикасының тиімділігін арттыру үшін, ең алдымен, елдің әр аймағындағы отын-энергетика, металлургия, мұнай химия өнеркәсіптерін өркендету керек. Екібастұз, Майкөбе, Обаған алабын үрдіс игеру көмір өнеркәсібін орналастырудың құрылымын айтарлықтай өзгертеді. Мамандардың есептеуінше, болашақта барлық энергетикалық көмірдің 80%-і Солт.-Шығ. Қазақстанда өндіріледі. Бұл өңірдің энергет. көмірі негізінде елімізде құрылатын ірі энергет. база Қазақстанда өндірілетін электр қуатының 70%-ін береді. Осы база негізінде өнеркәсіптің электр қуатын қажет ететін салалары дамиды. Тасуға ыңғайлы Обаған көмірі республиканың басқа аймақтарына жеткізіледі, шетелдерге жөнелтіледі. Бат. Қазақстандағы көмірсутегі шикізатын игерудің болашағы зор. Бұл өңірден жылына 88 — 100 млн. т мұнай алуға болады. Осыған орай мұнда бұл өнімдерді өңдеп, мұнай химия өнеркәсібін өркендетуге, жаңа кәсіпорындар салуға мүмкіндіктер көп. Қостанай, Соко- лов-Сарыбай, Лисаков, Қашар кен-байыту комбинаттары да қара металлургияның аса ірі ошақтары. Шығ. және Орт. Қазақстан күкірт қышқылын өндіруді, Оңтүстікте фосфор өндірісін ұтымды ұйымдастыру арқылы аймақтық экономиканың тиімді құрылымын жа- сауға болады.
А. э. еліміздің басқа аудандарымен байланыста дамиды, интеграция және еріктілік принциптері сақталады, бірыңғай энергия, көлік, байланыс жүйелері қалыптасады. Аймақтық стратег. маңызы бар табиғат ресурстарын пайдалануда оған жеңілдіктер бе- ріледі. Аймақтағы халықтың көші-қон проблемалары зерттеледі. Ол үшін аймақаралық және аймақтық бағдарламалар жасалады. Тұтас алғанда, А. э. елдің өндіргіш күштерінің дамуына нақты жағдай жасауы және оған сүйенуі керек.