АЙМАҚТЫҚ ГЕОЛОГИЯ — жер қыртысының жекелеген аудандарын (континенггерді, құрылымдық жүйелерді, платформаларды немесе олардың бөліктерін, т.б.) зерттейтін геология ғылымының арнаулы саласы. Олардың зерттеу әдіс- тәсілдеріне: геологиялық түсірім, шөгінді жыныстардың қалың қабатымен көмкерілген өңірлерді терең бұрғылау, жер қойнауларын геофиз. әдістермен (гравиметрия, магнитометрия, сейсмометрия) жан-жақты зерттеу жатады. Аталған әдістерді қолдану нәтижесінде нақтылы аймақтың геологиялық карталары мен қималары жасалады, зерттелген өңірдің геол. даму тарихы мен құрылымдық пішіндердің кеңістіктегі орны анықталады. Геол. карталар бетіне аймақты құрайтын барлық тау жыныстарының комплексі шартты белгілер түрінде түсіріледі, олардың геол. көнелігі және бір-бірімен астасу белгілері (тау жынысы қабаттарының созылу азимуттары және еңістену бұрыштары) көрсетіледі. Бұл деректер аймақты құрайтын тау жынысы қабаттарының тереңдіктегі бағыт-бағдарын шамалауға, сөйтіп аймаққа тән геол. құрылымдардың көлденең қималарын құрастыруға мүмкіндік береді. Зерттелген аймақтың геол. құрылысының ерекшеліктерін жазық және тік бағыттарда көрсететін геол. карталар мен қималар сол өңірден әр түрлі кен байлықтар табу мүмкіндігін анықтауға негіз болады. Аймақтық геол. карталардың масштабы олардың мақсат- мүддесіне және зерттелген өңірдің ауқымына орай түрліше (1:1000000 — 1:50000 аралығында) болып келеді. Қазақстан аумағының қатпарлы жүйелерден тұратын барлық аймақтары 1:200000 масштабта, ал өндіріс тұрғысынан маңызды аймақтары 1:50000 масштабта геол. картаға түсірілген.