АЙМАУЫТОВ Жүсіпбек (1889, қазіргі Павлодар обл. Баянауыл ауд. Қызылтау аты- рабы — 1931, Мәскеу) — жазушы, драматург, аудармашы, зерттеуші, публицист. Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан текті, дәулетті, атақ-абырой біткен, ел арасындағы білікті кісілер. Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үстіне, ағаш шеберлігі, темір ұсталығы өнерін қатар үйренген. Он бес — он алты жасында Павлодарға қашып барып. орысша-қазақша екі класты мектепке түседі. Бір жағынан, бала оқытып, қаражат таба жүріп, оқуын 1914 ж. бітіреді де, Семейдегі оқытушылар семинариясына түседі. Оны 1918 ж. аяқтайды. А. 1911 -14 ж. ауылда мұғалім, 1919 — 22 ж. Респ. Халық ағарту комиссариатында алқа мүшесі, Семей губ. оқу бөлімінің бастығы, “Қазақ тілі” газетінің редакторы. 1922 — 24 ж. Қарқаралыда мұғалім, 1924 — 26 ж. “Ақ жол” газетінде әдеби қызметкер (Ташкент), 1926 — 29 ж. Шымкент пед. техникумының директоры қызметтерін атқарған. 1929 ж. басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде қамалып, 1931 ж. атылды. Әлеум. төңкерістер заманында өмір сүрген А. өзінің қысқа ғұмырында артына аса бай әдеби, ғыл. мұра қалдырды. Ол В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А. Дюма, А.С. Пушкин, Р. Тагор, Н.В. Гоголь, Л.Н. Толстой, Дж. Лондон шығармаларын, “Интернационалды”, бірқатар ғыл. еңбектерді қазақ тіліне аударды. Пед., психол., метод., эстет. тәрбие туралы зерттеулер жазды; әдебиет, эстет., сын саласына араласты; сан алуан публицист. мақалалар жазды; “Қартқожа”, “Ақбілек” романдарын, “Күнікейдің жазығы” повесі, “Шернияз”, “Ел қорғаны”, “Мансапқорлар” пьесалары, “Комплексті оқу жолдары”, “Жан жүйесі”, “Өнер таңдау”, “Мағжанның ақындығы туралы” ғыл. еңбектері — күрделі дарынның қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығармалары. А-тың “Қартқожа”, “Ақбілек” сияқты романдары сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, тірлік кешкен орта ауқымында, жан-жақты мүсіндейтін қазақ әдебиетіндегі алғашқы көлемді эпикалық шығармалар. А. қазақ әдебиетінде көркем прозада алғаш лиризм әкелген, сондай-ақ пейзаждың үздік үлгісін, писхологизмнің терең иірімдерін тамыршыдай дәл басқан нәзік стилист суреткер. А-тың “Қартқожа” романында мынадай нәзік сурет бар: “Аспанда ақ сабынның көбігіндей, ақ мақтадай ақ бұлттар” немесе “Ақбілекте”: “Ұйтқып соққан ызылдақ жел. Ай жоқ. Қараңғылық қоюланып келеді. Сабаған жүндей түйдектелген, шыңылтыр, сұрғылт бұлттар тоғытқан қойдай шоғырмақтанып, тауға қақпақ болатындай, тауды тұншықтыратындай, аш тауықша селдір жұлдыз тарыларын бір-бірлеп қылқып жа- тыр. Жұлдыздармен бірге үміт сәулелері де бір-бірлеп батып бара жатқандай. Ақбілектің сұм жүрегі әлденені сезгендей болады”. А. пейзаж арқылы табиғат құбылыстарына көр- кемдік мінездеме беріп қана қоймай, бейненің күрделі психологиялық жай-күйін дәл, үйлесімді береді. А. қазақ көркем прозасының дамуына ықпалы зор болған суреткер. 1918 — 19 ж. М. Әуезовпен бірге Семейде “Абай” журналын шығарып, “Екеу” деген бүркеншік атпен, Әуезовпен бірлесіп, “Абайдың өмірі және қызметі” (1918, №2), “Абайдан кейінгі ақындар” (1918, №3) деген мақалалар жазды. А-тың көркем шығармалары эстетикалық бояуының қанықтығымен, көркемдік қуатымен, стильдік даралығымен қазақ әдебиетінде соны бағыт қалыптастырды. А. пед. оқу орындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақтың жан- жақты білім алуын көздеген еңбектерін, оқу құралдарын жазды. Оның пед., псих. және әдістеме саласында жазған ірі еңбектері өз уақытында елеулі рөл атқарды. Олардың ішінде “Тәрбиеге жетекші” (1924), “Психология” (1926), “Жан жүйесі және өнер таңдау” (1926), т.б. бұл бағыттағы ғылымның бастауыңда түрған ірі ғылыми еңбектер.
АЙМЕДОВА Маягөзел (28.5. 1941 ж.т., Түрікменстан) — түрікмен актрисасы, Түрікменстанның халық арт. (1982). 1964 жылдан Ашғабаттың балалар мен жасөспірімдер театрында істеген. Студент кезінен киноға түсе бастады. Негізгі рөлдері Жахан (“Тасқаладағы оқиға”, 1961), Өгүлкиік (“Келін”, 1972, КСРО Мемл. сыйл. 1973), Артықгүл (“Әйел ат ерттегенде”, 1975), Ақжамал (“Жоқ деп айта біл” 1976), Жамал (“Жамалдың терегі”, 1980, Мәскеу Халықар. фестивалінің сыйл. 1981). 1983 ж. “Қарақұм көлеңкеде 45°” фильміне түсті. А-ның психол. нәзік тереңдікпен, қарапайым сыпайылықпен сом- даған бейнелері көрерменге шығыс әйелдеріне тән ұстамдылықты, төзімділікті, кіші- пейілділікті дәл жеткізеді. А. режиссёр X. Нарлиевпен бірігіп, “Әйел ат ерттегенде” және “Жамалдың терегі” фильмдерінің сценарийін жазған.