АЙЛАУЫҚ ТҰҚЫМДАСЫ

АЙЛАУЫҚ ТҰҚЫМДАСЫ (Воraginaceae) — бір, екі немесе көп жылдық шөптесін өсімдіктер. 100-ге жуық туысы, 2000-дай түрі бар. Қазақстанда А. т-ның 130-дай түрі өседі. Сабағы цилиндр тәрізді, оған жай жапырақтары кезектесіп орналасады. Жапырағының сыртын қалың түк басады. Гүл шоғыры бұйра, кейде қос бүйра. Толық жетілгенде жазылып, шашақ гүл шоғырына ұқсайды. Әрбір гүлінің 5 тостағанша және 5 күлте жапырақтарының негізі кірігіп, түтік түзеді. Аталығы 5, аналығы біреу болады, ол екі жеміс жапырағынан тұрады. Алдымен екі ұялы, кейін жалған пердемен бөлініп, төрт ұялы, әр ұясында бірден тұқым бүршігі жетіледі. Жемісі — 4 жаңғақша. Жемістері гүл касы жапырақшаларының қасанданып кеуіп кеткен түкті өсінділері арқылы мал жүніне жабысып таралады. А. т., негізінен, бал беретін және бағалы дәрілік өсімдіктер. Оның көптеген түрінің гүлінен ара бал жинайды. Бояғыштар жасау үшін де пайдаланылады. Мал жемейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *