АЙДАБОЛ (1,2) — қола және темір дәуірінен сақталған зираттар тобы. Зеренді к-нің (Солт. Қазақстан) маңында орналасқан. Шартты түрде “А-1” аталған зираттағы то- пырақтан үйіліп, сыртынан жалпақ тастармен шеңберлеп қоршалған 16 обаның екеуі зерттелді. Оның бірі ғұрыптық құрылыс болып шықты. 1- оба-қоршаудан (диам. 28 м, биікт. 0,6 м) Андрон мәдениетінің Атасу кезеңіне қатысты қыш ыдыстар, қола моншақ- тар, қоладан құйылып алтынмен апталған сырғалар, т.б. бұйымдар табылды. Шартты түрде “А-2” аталған зираттағы ең үлкен 1-обада егде жастағы, қару-жарақты ер адам басы батысқа қаратыла лақаттап жерленген. Жанына темір ақинақ, 5 қола ұшты жебе, тас қайрақ қойылған. Оған 2-обада жерленген әйел адамның туыстық жақындығы болуы мүмкін. Дәл әлгідей жерлеу ғұрпымен қойылған әйел қабірінен қола айна, бояу езетін тас ыдыс (үккіш), сүйектен істеген әдемі шаш түйреуіш, алтыннан құйылған сырғалар және алтын тұмаршалар табылғаны бұл әйелдің де өз қоғамында көрнекті орын алған адам болғанын көрсетеді. Ал көлемі жағынан алдыңғы 2 обадан анағұрлым кіші, тым қарапайым қаланған 3-обадағы топырақ қабірге қойылған мүрденің жанында ешқандай зат жоқ. Бұл көне қоғамдағы мүліктік және әлеум. жіктелу болғанын білдіреді. Жерлеу ғұрпы мен заттай деректердің ерекшеліктері А- 2 зиратында Орт. және Солт. Қазақстанда ерте темір дәуірінде қоныстанған, ғылымда Тасмола мәдениеті деп аталатын ескерткіштер пайда болған кезеңде өмір сүрген адамдардың жерленгенін көрсетеді. Обалардың пайда болған мерзімі б.з.б. 5 — 4 ғ.