АЗҚЫЛТАНДЫ ҚҰРТТАР (Оligochaeta) — буылтық құрттар өкілі. Ғылымға шамамен 3500 түрі белгілі. Көпшілігі тұзды суларда, ылғалы мол топырақта, кейбір түрлері теңіздерде тіршілік етеді. А. қ-дың арасында ұз. бірнеше см-ден 2,5 м-ге жететіндері де кездеседі. Ірі түрлері тек тропика аймағында тіршілік етеді. А. қ- дың денесі қайталанып отыратын 500 — 600 біркелкі сакцналардан тұрады. Дене сегменттерін сыртынан тығыз жамылғы (қабықша) жауып тұрады. Көпшілік түрлерінің терісінде әр түрлі шырындар шығаратын тері бездері, әр түрлі түс беретін пигменттер бар. Жүйке жүйесі көмегімен сыртқы дүниені сезіне алады, бірақ көбінің көзі болмайды. Жануарлар дүниесінде алғашқы қан айналу жүйесі А. қ-да пайда болған. Топырақта өмір сүретіндері терісі арқылы, ал теңізде тіршілік ететіндері желбезектерімен тыныс алады. А. қ. балдырлармен, бактериялармен, әсіресе, өсімдіктердің шіріген қалдығымен қоректенеді. Көбею жолы қос жынысты (гермофродит), тура дамиды (метаморфозсыз). Қазақстанда көп тараған түрі — жауын құрты (шұбалшын). Оның топырақты ішіне жұтып алып, ішегінен жер бетіне қайта шығаруынан топырақ құнарлылығы артады. Олардың топырақтағы жолдары 1,5 м тереңдікке дейін болады. Мамандардың есебі бойынша, 1м2 жерде ондай жолдардың саны 1,5 мың-ға дейін жетеді. Ал суда тіршілік ететін түрлерін балықтар қорек етеді.